Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

PR-форумда  тұңғыш рет қазақ тіліндегі коммуникациялар мәселесі талқыланды

457 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 Бүгін Алматыдағы «Ritz-Carlton» қонақ үйінде «NEO PR. КОММУНИКАЦИЯ 360°» тақырыбында кезекті PR-форумының бірінші күні аяқталды. 1 маусым күні жалғасын табатын форумның екінші күні Медеу шатқалындағы Qazaq Auyl мейрамханасының аумағында өтеді.

PR-форумда  тұңғыш рет қазақ тіліндегі коммуникациялар мәселесі талқыланды

Биылғы форумда тұңғыш мәрте «Қазақ тіліндегі коммуникациялар: жаңа ұстаным» тақырыбында ауқымды панельдік пікірталас өтті. Қазақ тілінде ойлайтын орта елімізде кеңінен дамып келеді. Ал біз ол жайлы не білеміз? Коммуникация жөніндегі мамандарға қазақ тілінде ойлайтын аудиториямен өзара әрекеттесудің қыр-сыры жайлы ойланатын кез келген жоқ па?

Биылғы Форум халықаралық PR нарығындағы соңғы әлемдік трендтерге және оның алдында тұрған қиын асуларға, сондай-ақ, елдің және бизнестің имиджі мен беделін басқару, халықаралық брендтерді жаһандандыру және жергіліктендіру мәселелеріне, жергілікті аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып ілгерілетуге арналған тиімді құралдарға арналып отыр.

«Бүгінгі күні коммуникациялар нарығы қарқынды дамып қана қоймай, сонымен бірге, пиаршылардың кәсіби дағдыларына қойылатын талаптың да күшеюде. Осыдан бір жыл бұрын жаңа әрі бірегей болып есептелген дүниелер қазір ескіріп үлгерді. PR мамандарынан елде орын алып жатқан саяси және экономикалық жағдайларға қатысты шапшаң түрде әрекет ету, жұртшылықпен жұмыс жүргізуге арналған ең озық құралдарды білу талап етіледі. Дәл сондықтан да биылғы форум көбінесе тақырыптарды тереңінен зерттеп, өткізілу форматын өзгертіп, бұрынғыдан да көп спикерлер мен қатысушылардың басын қосып отыр», дейді «PR-шы» клубының президенті Шынар Жәнібекова.

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес Форум сәуір айында XVI «Сиреневый PRорыв» студенттер  халықаралық конференциясынан және студенттердің  PR жобалары байқауынан бастау алған Қазақстандағы PR  күндерін жалғастырып отыр. Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Тараздың жоғарғы оқу орындарынан 150-ге тарта студент қатысқан бұл конференцияға 39 жұмыс келіп түсіп, олардың тоғызы жеңіске жетті. Жүлделі орындарға ие болған студенттер енді PR-форумға қатысуда.

Форум шымылдығын «Ең үздік корпоративтік басылым – 2018» атағы үшін жарияланған Орталық Азияның 11-ші Корпоративтік БАҚ байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты ашты. Бұл байқау да PR  күндері аясында өткізіліп, PR-форумның ажырамас бөлігіне айналып үлгерген. Биыл байқауға 18 компаниядан 22 жұмыс келіп түсті. Қатысушылар арасында Қырғызстан Республикасынан да қатысушы бар.  Байқауға қатысқан корпоративтік басылымдардың барлығын PR-форумның бірінші күні аясында ұйымдастырылған көрме кезінде тамашалауға болады.

Биыл қатысушылардың назарына тағы да «2017 жылдағы PR-оқиғалардың рейтингі. Қазнетте және одан тыс ең қызу талқыланған ТОП-10 тақырып» рейтингі ұсынылады. Қазақстан мен басқа да елдердегі жұртшылықты елең еткізген оқиғалар мамандардан тізгінді уыстан шығарып алмауды талап етіп отыр.

Сондай-ақ, форумның бірінші күні қатысушылар, еліміздің PR саласындағы жетекші мамандары, қоғамдық пікір көшбасшылары, мемлекеттік және бизнес-құрылымдардың топ-менеджерлері, маркетологтар мен журналистер CEO және беделді басқару, тәуекелдерді басқару және мемлекетік органдармен жұмыс жүргізу, әлеуметтік сезімтал коммуникациялар, Digital marketing сынды маңызды тақырыптарды ортаға салысуда.

Форумның бейресми форматта ұйымдастырылатын екінші күні бүкіл Қазақстанға әйгілі Медеу шатқалының сұлу бөктерінде өтіп, қатысушыларға ақпаратты интекрактивтік форматта алуға, брендтерді ілгерілетумен айналысатын мемлекеттік және бизнес-құрылымдарға арнап кеңестерді дайындап шығаруға, шешімдерді талқылап, іздеуге арналған жаңа құралдарға қол жеткізуге, өз әріптестерімен кеңінен нетворкинг құруға мүмкіндік береді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ